Үздік кинолог

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген екен, он сегізінші қара сөзінде һәкім Абай. Қазақтың ұлы ойшылы сонау заманда адамды адам етіп тәрбиелеудің жолын көрсетіп кетті. Жан-жақты дамыған тұлға боп қалыптасу үшін тағы да сол Абай айтқандай, «бойда қайрат, ойда көз» болуы шарт. Әңгімеміздің арқауы сегіз қырлы бір сырлы сержант Серік Зайкенов жайында.

Серік Зайкенов Отан алдындағы азаматтық борышын өтемей тұрып, «Семей Базары» ЖШС кинолог қызметін атқарды. ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2086 әскери бөлімі шекара заставасында кинолог болды. Бүгінде Семей өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының әскери полиция бөлімі кинология қызметінің аға маманы (мал дәрігерлік нұсқаушысы).
Кинологтың қарамағындағы қызметтік иттер арнаулы күтімде. Үйретілген, жан-жақты жаттыққан. Сержант иттердің құжаттарын есепке алып, психологиялық ерекшелігін, жүріс-тұрысы мен мінез-құлқын, әрқайсысымен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдерін зерттейді. Далаға шығаруды, тамақтандыруды, жуындыруды, орнын тазалауды күнтізбелік кестеге сай ұйымдастырады. Денсаулықтарына бақылау жасап, белгіленген уақытта вакцинацияға да апарады. Нұсқамаға сәйкес өзі бағып-қағатын иттерге бөтен адамдарды жолатпайды. Кинолог үйреткен Балу мен Лорд есімді қызметтік иттер бірнеше мәрте халықаралық деңгейдегі жиындарда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Жарылатын оқ-дәрілер мен есірткі заттарының бар-жоғын анықтау мақсатындағы 184 шарада екі оқиғаның ашылуына  септігін тигізді. Мәселен, РФ ҚК әскерилерімен бірлескен стратегиялық командалы-штабтық «Орталық – 2015» жаттығуына, тұңғыш рет Семей өңірлік гарнизонының әскери полициясы жасағы мен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 35411 әскери бөлімінің жетекшілігімен өткен «Шығыс» жалпыәскери полигонындағы әскери міндеттілердің оқу әскери жиынына да тартылды. С.Зайкеновтың жетектеуімен бельгиялық «Жек» овчаркасы мен  немістің «Рекс» овчаркасы қызметтік міндеттерін өте жақсы орындап, басшылық тарапынан сан мәрте марапатталды. Әскери полиция жасағының қызметтік иттер бөлімшесіндегі іздестіруші және қарауылдық иттерді азық-түлікпен, заманауи медициналық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Аға маманның айтуынша, иісшіл итті алты айлығынан бастап үйретуге болады. Екі жарым жасқа жуықтағанда өз міндетін толықтай сезінеді. 6-7 жастан асқанда, оның орнын жаңасы алмастырады. Мынадай қызық ақпаратты да алға тартты: әлемдегі 500-ден астам ит тұқымының ішінде бордер-колли, пудель, неміс овчаркасы ең ақылды екен. Ғалымдар иттердің 250 сөз бен ымды ұғатынын да дәлелдеген көрінеді. Ең бастысы кәсібіңе деген сүйіспеншілік, шыдамдылық пен сабырлылық керек.


«Ердің асылы күшінен білінеді» демекші, сержант Зайкенов үздік кинолог қана емес, қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионатының (Астана, 2006) күміс жүлдегері, республикалық жарыстардың (Астана, Семей, 2007-2008) үш мәрте қола жүлдегері. «Қазақша күрес – адамның бойындағы қайрат-жігерді жетілдіретін спорттың түрі. Қазақша күресте қарсыласты құлатып, жауырынын жерге тигізу маңызды емес. Қазақша күрестің басты шарты – күш пен әдісті асырып, қарсыласты талассыз жығу. Ал, қоян-қолтық ұрыстың өз тәсілдері бар. Қолмен және аяқпен соққылар жасау, аяқтан шалу, арқадан, жамбастан және бастан лақтыру, қыспақтан және құрсаудан босану, қарсыластың шабуылынан қорғану амалдарын жетік біліп, шапшаң орындай білу керек», - дейді қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері. Ол қазақша күрестен Қазақстан чемпионаты тұңғыш рет 1936 жылы Семей қаласында өткенін, 1941жылы Бішкектегі халықаралық жарыста Еңсеп Досқалиев бастаған қазақстандық 10 балуанның жеңімпаз атанғанын, соғыстан кейін Семейде Абайдың 100 жылдық тойында боз кілемге күш атасы – Қажымұқанның шыққанын мақтан тұтады. Абай ауданына қараған Шаған ауылында дүниеге келген Серік бала күнінен өнерге құштар. Қазақтың қос ішекті қара домбырасын қолына алып, Құрманғазының «Балбырауын» және «Еркесылқым» күйлерін орындағанда әріптестері аса құрметпен тыңдайды.

«Әскери ортадағы құқық бұзушылық пен қылмысты оқиғалардың азаюына әскери полиция алғаш құрылған күннен бастап қомақты үлесін қосты. Осы уақыттың аралығында республикалық және гарнизондық деңгейдегі шараларды ұйымдастыруға қатысу, дала жаттығулары өткізілетін аймақта коменданттық қызметті қамтамасыз ету, ұзақ жолға әскери техниканы жеткізуге көмектесу, қызмет орнын өз еркімен тастап кеткен әскериді іздеу және тағы да басқа маңызды жұмыстарға тартылмаған әскери полиция қызметкері кемде-кем шығар. Әскери полиция қызметкері әскердегі тәртіп пен талаптың, тәлім мен тәрбиенің үлгісі бола білуі керек. Әскери полиция қызметкері мен әскери тәртіпті бұзушы – бір-бірімен мүлдем үйлеспейтін ұғым. Әскери полиция ешқандай да жазалаушы орган емес. Әскери полицияның басты мақсаты – әскерилердің құқығы мен заңдылық мүддесін қорғау. ҚР ҚК әскери полициясының жеке құрамы өз күші мен мүмкіндіктеріне қарай және заңдарға сүйене отырып, еліміздің одан әрі өсуі мен өркендеуіне бағытталған нормативті актілерді, өзге жетекші құжаттарды, Конституцияның барлық аспектілерін жүзеге асыра бермекші», - деп үздік кинолог сұхбатын түйіндеді.

Иә, еліміз Қарулы Күштері мекемелері мен әскери бөлімдерінде құқық бұзушылық пен әскери қылмыстың алдын-алу, анықтау және жолын кесу мақсатында құрылған әскери полициясына биыл – 25 жыл. ҚР Президентінің «Құқық қорғау органдарының жүйесін одан әрі реформалау шаралары туралы» 1997 жылдың 22 сәуіріндегі №3465 Жарлығына сәйкес Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінде әскери полицияның жеке құрылымдары құрылды. Президент Жарлығының негізінде «ҚР ҚК әскери полициясы жөніндегі ережені жүзеге асыру туралы» Қорғаныс министрлігі бұйрық шығарып, ҚР ҚК әскери полициясы қызметкерлерінің міндеттері мен құқықтары, мәртебесі мен мақсаты айқындалды. Бұдан соң «ҚР Қарулы Күштері және қорғанысы жөніндегі» ҚР Заңының 10-бабына толықтыру енгізілді. Онда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің, Ішкі істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің құрамына қарайтын әскери полиция әскери құрылымдардағы құқық тәртібін қамтамасыз ететіндігі және әскери полицияның құқығы мен функциясы ҚР Заңдарымен қорғалатындығы айтылды. Ал, «Әскери полиция органдары туралы» Заң 2005 жылдың 21 ақпанында қабылданды. Әскери полицияның түп негізін үш құрылым құрайды. Біріншісі Қорғаныс министрлігінің мекемелеріндегі және әскери бөлімдердегі әскери қызметкерлер жасауы мүмкін қылмыс пен құқық бұзушылықты анықтайды. Екіншісі гарнизондарда, әскери құрылымдар мен әскерилердің отбасы орналасқан жерде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Үшінші құрылым – әскери автомобиль техникасын заңды пайдалануға беру әрі сапалы ұйымдастырылуын қадағалайтын әскери автомобиль полициясы. Сондай-ақ, ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы талаптарын орындау мақсатында әлемдегі әскери-саяси жағдайды ескеріп, жоғары жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз ету үшін әскери полиция органдары негізгі екі бағытта қызметтік міндеттерін атқарады. Олар – құқық қорғаушылық және әскери қызметтері. Құқық қорғау қызметін жүзеге асыру шеңберінде әкімшілік тәжірибе бөлімшесі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлімше құрылды. Жаңа бағыт ретінде діни экстремизмге қарсы жұмыстар да қалыптасты. Әскери бағыттың құрамдас бөлігі ретінде Қарулы Күштер жүйесінде әскери полицияның орны мен рөлін анықтау және жол-комендант қызметін ұйымдастыру қызметі жүктелді. Әскери полиция органдарында Қорғаныс министрлігі басшылығының ерекше тапсырмасымен қызмет ететін жедел әрекет ету бөлімі Астана және Алматы гарнизондарының әскери полиция жасақтарында бар. Елімізде 22 әскери полиция органы мен әскери полиция мамандарын даярлайтын орталық бар. Әскери полиция органдары заманауи қару-жарақ құралдарымен, әскери техникамен қамтамасыз етілген. Әскери полиция органдары қойылған міндеттерді сапалы орындап, қызметтерін бастамашылдықпен адал атқарып, тәртіптің туын биік ұстап келеді.

 

Алуа ИСКАКОВА, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"