«Заңға енгізілген түзетулердің әскерилер үшін жағымды жаңалықтары көп»

Отан қорғау жолындағы қызметінде елдің шетінде, желдің өтінде жүрген әскерилердің отбасының жылы ұясы, табан тірер баспанасы, «кішігірім Отанының» болуы – басты мәселе. Жақында Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне  әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен мақұлданып, 16 сәуірде Мемлекет басшысы қол қойып, әскерилердің тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған  заң күшіне енді. Енгізілген түзетулер әскерилердің баспана мәселесін қаншалықты шешпек, заңда қандай өзгерістер бар? Осындай сұрақтар төңірегінде генерал-майор, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат Ерлік Серікбайұлы Тайжановты сөзге тартып көрген едік.

–      Ерлік Серікбайұлы, нақты қандай заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізілді?

–      Парламент бекітіп, Президент қол қойған заң жобасы арнаулы орган қызметкерлерінің, әскери қызметшінің, оның отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әскери қызмет атқаруды реттеуге бағытталған. Нақты айтқанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы және «Арнаулы мемлекеттік орган туралы» заңдарға түзетулер енгізілді.

–      Өзіңіз осы заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың басы-қасында жүрген адамсыз. Әскерилерімізге қандай жақсы жаңалықтар бар деп айта аламыз?

–       2021 жылдың ақпан айында «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң жобасы Мәжіліске келіп түсті. Мен өзім заңгер, ҰҚК 40 жылдан астам жұмыс істеген маман ретінде айтарым, Заңға енгізілген түзетулердің әскерилер үшін жағымды жаңалықтары көп. Біріншіден, әскери қызметші қайтыс болған жағдайда, оның ішінде Қарулы Күштерден шығарылғаннан кейін де тұрғын үйді жекешелендірудегі іске асырылмаған құқықты оның отбасы мүшелеріне беру құқығы қарастырылды. Екіншіден, қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша немесе өтеусіз жекешелендіру. Мәселен, әскери қызметші қызметтік үйді еңбек өтілі 10 жылдан астам болса – қалдық құны бойынша, ал мүгедек бала тәрбиелеп отырған әскери қызметші еңбек өтілі 10 жылдан көп болса тегін жекешелендіре алады. Үшінші, қызметтік үймен екі рет қамтамасыз етуді болдырмау. Бір рет үй алу құқығын пайдаланған әскери қызметші басқа жерге ауысқан кезде оған қызметтік үй беру немесе үйді жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемін беру ұсынылады. Сосын «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» Заңға әскери қызметші қызметтен шығарылған күннен бастап оны қайтадан қызметке қабылдаған күнге дейін 3 айдан аспаса, осы уақытта еңбек қатынасы болмаса, оның әскери қызметі үздіксіз деп танылады деген жақсы бір толықтыру енгізілді. Басқа да өзгерістер бар.

–      Ерлік Серікбайұлы, осының алдында, яғни «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға 2017 жылдың желтоқсанында енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың бір жаңалығы тұрғын үй төлемдерін үй алуға пайдалануға мүмкіндік берді. Бірақ 2018 жылға дейін қызмет еткен әскери қызметшілер бұл заңды пайдалана алмайды. Көбі үйсіз қалды. Соңғы өзгерістер осы мәселені қарастырды ма?

–      Бұрыңғы заңда әскерилерді еңбек өтілі бойынша 3 санатқа бөліп қарастырған болатын. Қазір заң жетілдіріліп, кез келген әскери қызметші мемлекет тарапынан бөлінетін әскери қызметшінің әр отбасы мүшелеріне бөлінетін төлемді пәтер жалдауға, артылғанын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарында жинап, жеңілдетілген несиені алуға, сөйтіп баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Бұрын тек үй жалдауға ғана төле десе, қазір әскерилердің үй ала алуына мүмкіндік бар. Бұл өте жақсы нәрсе.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша 20 жыл әскерде қызмет еткен әскери қызметші тегін пәтер алады. Қазір енді 90 жылдар емес қой, әскерден қазір көбі 20 жылдық еңбек өтілімен кетеді. 2013-2018 жылға дейін зейнетке кеткендердің мәселелерін бүгінгі шыққан заңмен жауып жатырмыз. Айналып келгенде бәрі ақшаға тіреледі. 2018 жылы әскери қызметтен запасқа шығарылған, жекешелендіруге жатпайтын жабық әскери қалашықта тұрған 742 тұлғаның осы уақыт аралығында жартысы, яғни 376-сы қызметтік үй-жайды жекешелендіруге жататын еліміздің кез келген қаласындағы тұрғын үйге ауыстырды.

   Өмір бір орында тұрған жоқ. Мәселе ақырындап шешіліп жатыр. Соңғы өзгерістер бойынша 10-20 жыл аралығындағы еңбек өтілі бар әскери қызметші әскери қалашықтағы қызметтік тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша жекешелендіру құқығымен, еліміздің түрлі өңірлеріндегі пәтерлерге ауыстыру тетігін пайдаланумен шешіп жатыр. Кейбіреуі, мысалы маған әскери қалашықтан пәтер керек жоқ, ақшасын беріңдер дейді. Ал заң бойынша рұқсат жоқ. Енді біреуіне қалдық сома бойынша, мәселен Қапшағайдан пәтер ал дейін десең, кейде құжаты дұрыс болмай жатады. Есігі, әйнегі жоқ пәтерлер кездесіп жатады. 39 жабық әскери қалашықта пәтерлер бос тұр. Қорғаныс министрлігінен сұрағанда, мұның бәрі тозығы жеткен үйлер дейді. Қызметтік сапарға шыққанда мен өзім де көрдім ол пәтерлерді. Біреуінде құжат жоқ, енді біреуін әскери қызметші алғысы келмейді. Мен неге Астана, Алматыда тұрмаймын, неге Сарыөзекте тұруым керек деген де объективті пікірлер көп. Жабық әскери қалашықтағы пәтерлердің көбі ескі, бос тұр. Біз оларды қайда жібереміз?

   

–      Жалпы бүгінгі күні тұрғын үйге мұқтаж қанша әскери қызметші бар?

–      Ресми мәлімет бойынша тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер тізімінде 47 138 әскери қызметші тұр. Ал Қорғаныс министрлігінің тұрғын үй қорында 12 444 пәтер мен жатақханаларда 4562 бөлме бар. Оның 4293 пәтері мен жатақханаларындағы 2375 бөлмесі ашық әскери қалашықтарда орналасса, 5447 пәтер мен жатақханалардағы 1512 бөлме жабық әскери қалашықтарда, ал 2692 пәтер мен жатақханаларда 687 бөлме оқшауланған әскери қалашықтарда орналасқан.

2018 жылы 14 мың адам 330 пәтер алған. Оған 35 млрд. Қаражат бөлінген. 2019 жылы 520 пәтер берілген. 43 млрд. ақша бөлінген. 2020 жылы жалпы сомасы 50 млрд. жұмсалған 414 пәтер берілген. Бұл соңғы 3-4 жылдағы көрсеткіш. Бұған жалпы сомасы 129 млрд. қаражат жұмсалған. Заң жұмыс істеп жатыр. 129 млрд. деген аз қаражат емес. 3-4 жылда жалпы 142 мың адамның пәтер мәселесі шешілген. Қорғаныс министрлігінің де мүмкіншілігі шектеулі. Заңға енгізілген өзгерістер, Қорғаныс министрлігінің бағдарламалары жұмыс істеп кетсе, күн тәртібіндегі тұрғын үй мәселесі біртіндеп шешімін табады. Көп нәрсе басшылыққа байланысты. Тұрғын үйге мұқтаждардың тізімінде тұрған әскерилердің әрқайсысының жағдайын жіті қадағалап, тексеруге алса, шешуге болады. Бұл жерде комиссия жақсы жұмыс істеу керек. Мына әскери қызметшіні мына бағдарламаға кіргізіңдер, мына бағдарламаға мынау әскери қызметші лайық деп нақты шешу керек.

– «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген өзгерістерде модульді тұрғын үйлер туралы айтылды, осыған тоқталсаңыз.

–      Заңға енгізілген өзгерістердің бірі – модульді тұрғын үй ұғымын енгізу. Қарулы Күштер, басқа да әскер мен әскери құрылымдар үшін «модульді тұрғын үй» ұғымы алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл – жылдам, қажет болған кезде тұрған жерін ауыстыруға болатын тұрғын үй. Ол жабық, оқшауланған әскери қалашықтарда тұрғызылады. Оларды сатып алу қысқа уақытта әскерді тұратын орынмен қамтамасыз етуге, ал геосаяси жағдай өзгерген кезде оларды осы үймен бірге басқа жерге шығынсыз көшіруге мүмкіндік береді. Мәселен, бүгін шекараға 30 әскер келсе, сол келген күні құра салып, ертең бір жылдан кейін басқа жерге құруға болады. Заң қабылданды. 98 мобильді үй кіргізілді, тағы 30-ын кіргізу жоспарлануда.

–      Заңда тағы бір өзгешелік бар. Ол –шекті жасты жоғарылату. Қандай жағдайлар негізге алынып отыр?

–      Әскери қызметке кіру кезінде жас шектеуі 30 жастан 32 жасқа дейін, 6 айға ұлғайды. Ал мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша әскери қызмет мерзімі бес жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Зейнетке шыққаннан кейін тағы 5 жыл созу не үшін керек? Мәселен, әскери қызметші зейнет жасына келді, бірақ ол өз жұмысын жақсы істеп жатыр. Ал артында келе жатқан жас буын оған әлі жеткен жоқ. Бұрын әскери білім беретін ЖОО оқытушыларының да шекті жасын соза алатын. Содан кейін ұшқыштарға бұл мүмкіндік қарастырылған. Өйткені екінің бірі ұшқыш бола бермейді. Ал қазір заңға енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар бойынша бірінші басшы өтініш жазып, зейнетке шығу жасын соза алады. Мәселен, бұрын генерал-майор 60 жасында зейнетке кетіп қалатын болса, қазіргі жаңа заң бойынша тағы 5 жылға соза алады.

Тұшымды жауаптарыңызға рахмет, аға. Амандықта болайық!

Меруерт САФАЕВА



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента