Еліміздің батыс өңірінде әскери салада жүрген қазақтың қайсар қыздары жетерлік. Олар істеріне адал. Тапсырманы тиянақты орындайды. Қызметтеріне берілген оларды орта да сыйлайды. Үлгі тұтады. Жігерлілік, табандылық, мейірімділік, қамқорлық – олардың игі қасиеттері.
Жаужүрек апалар жолымен...
Қазақтың қыздары ежелден қайсар. Сонау Тұмар ханымнан бастап, Әлия мен Мәншүк, Хиуаздар – бәрімізге белгілі батыр қыздар. Міне, осы жандарды Жанар бала күннен санасына тоқып өсті. Қасиеттерін қадір тұтты. Ерліктерін үлгі етті. Жігерленді, рухтанды. Жаужүрек болсам деп армандады. Оны мақсат қылды. Сөйтіп, таңдауы әскери орта болды.
Қазір Жанар Ұзақбаева – гвардия аға сержанты. Теңіз жаяу әскерінің артиллериялық дивизион фельдшері болып әскери қызмет атқарады.
«2015 жылдан бері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарындамын. Бала күннен Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыз секілді жаужүрек батыр әйел болғым келді. Осылай әскери болуды мақсат тұттым», - дейді кейіпкеріміз.
Жанар – антына адал, міндетіне тиянақты жан. Денсаулықтарын жіті қарап, ең алдымен жәрдем беретін оған жеке құрамдағылар дән риза.
«Күні-түні демей, әр сарбаздың денсаулығына алаңдап жүреді. Ол кісінің қамқорлығын үнемі сезініп жүреміз, әрқашан жанымыздан табылады. Әріптесімізді тек жақсы қырынан көріп келеміз» - дейді гвардия аға лейтенанты Бердібек Үсенов.
Иә, Жанар – өз ісінің шебері. Міндетін абыроймен өтегенді жақсы көреді.
«Жалпы менің міндетім – дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету. Дивизионға, жеке құрамдарға медициналық көмектің көрсетілуіне, ауруларды дер кезінде анықтауға және ауруға шалдыққандарды дәрігерге қарауға тапсыру, дивизион жеке құрамын күндізгі медициналық тексерістен өткізу, қабылдау міндетіме кіреді. Сосын жеке құрамда сабақтық дайындықтарда, спорттық шараларда медициналық көмекпен қамтамасыз етемін. Денсаулық сақтау шараларын ұйымдастырып, бақылап, гигиенаның дұрыс орындалуын қадағалаймын», - дейді фельдшер ханым.
Сондай-ақ ол дивизионның үй жағдайындағы санитарлық жағдайларын орындалуын және судың сапасын қадағалап отырады.
Қарап отырсақ, міндеті көп. Бірақ оны міндетсінбейді. Бәріне үлгереді. Жетістіктері де жетерлік. 2016 жылдан бері үздіктер қатарында. Одан кейінгі үш жылда да «бригаданың үздік фельдшері» номинациясынан түскен жоқ. Былтырғы 2021 жылғы табысы тіптен бөлек. «Ел қорғаны» медаліне ие болды. Жанардың айтуынша, бұл марапат батыс өңірінде алғаш рет әскери қызметші әйел ретінде өзіне бұйырыпты.
«2021 жыл ҚР Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен 8 наурыз қарсаңында ІІ дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталдым. Оны ең алғашқы алған әскери әйел адам мен екенмін. Сол кезде төбем көкке жеткендей болды. Ішкі сезіміме келсем, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Отаныма және әскерге деген сүйіспеншілігім одан әрі күшейе түсті. Мен елімді шын сүйемін», - дейді сол кезді еске ала кейіпкеріміз.
Бүгінде Жанар Ақтау әскери гарнизонының 25744 әскери бөлімінде ерлермен қатар қызмет етіп жүр. «Әскерде ер адам, әйел адам деп бөлінбей, бәріміз бірге бір жұдырықта жұмылып жүрміз. Оқу-жаттығуларға қатысамыз. Әскери қызмет – ол абыройлы міндет», - дейді гвардия аға сержант әңгіме соңында.
Ол міндетіне тағы кірісті. Ептілік пен жүректілік барда алға қадам басу – оның мақсаты. Олай болса, қадамыңыз нық, әрекетіңіз батыр апаларымыздай батыл болып, абыройға бөлене беріңіз, аға сержант дегіміз келеді.
Орындалған әке арманы
«Жапырағын жайған бәйтерек
Тереңге тартар тамырын
Сезбеппін, әке, ертерек
Жаныңның ыстық жалынын...
...Мейірім шашқан жүзіңнен,
Өмірдің өзін көремін.
Әкелік асыл сөзіңнен,
Жолымды тауып келемін.
Әкелік асыл сөзіңнен,
Жолымды тауып келемін» деп шырқалатын «Әке арманы» әні естеріңізде болар?! Осы әнмен біздің екінші кейіпкердің өмірі астасып жатыр.
Оның әкесі ақиқатты жақсы көрді. Әділдік – әкесінің берік ұстанымы.
Адалдықтың туын биікке көтерер ұрпағының болғанын қалады. Содан да болар, әке бір қызының дәрігер, енді бір қызының әскери болғанын көкседі. Сол арман-тілегі үнемі Альмираның көкейінде тұратын. Сегіз жыл мұғалім (орыс тіл мен әдебиетінің маманы) болса да, марқұм әкесінің арманы оны жиі мазалап жүрді. Ақыры не керек, оны орындауға бел буды. Сөйтіп, әскери салаға бет бұрды.
«Осылайша мен әскери ортаға келіп қалдым. 2007 жылы Қазақстан Қарулы Күштері қатарына шақырылдым. Шақырылған қызмет орным – ҚР Ұлттық комитеті Шекара қызметінің теңіз шекара дивизиясы. Осы жерде мен кадрлар және саптық бөлімшесі бастығының көмекшісі болып қызметімді бастадым», - дейді Альмира Төлегенқызы.
Кейіннен ол (2013 жылы) Қарулы Күштер қатарына ауысып, келісімшарт бойынша жұмылдыру және жинақтау бөлімшесінің сержанты болды. Одан кейін Астана қаласында қызмет етті. Бірталай қызметті атқарған оған батыс жаққа қайта келу бұйырды. Қазір Альмира Кенжеғалиева – ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің гидрографиялық қамтамасыз ету қызметінің штурмандық бөлімшесі сержанты.
«Біз Каспий теңізінің солтүстік бөлігіне жауап береміз. Теңізде жүзу үшін қауіпсіздікке жауап беретін болған соң бірқатар мемлекеттік мекемелер мен кеме қатынасы компаниялармен жұмыс жасаймыз. Көпке түсінікті болу үшін айтайын, мысалы, ілгеріде сөз еткен мекемелер алдымен бізге хат жібереді. «Мынадай ауданда жұмыс жасағалы жатырмыз» деген сыңайда. Біз сол координаттарды картадан қараймыз, ол тыйым салынған аумақ па, жоқ әлде рұқсат етілген бе, соны нақтылаймыз. Жауабын хат жіберген мекемелерге хабарлаймыз. Осылай теңіздің қауіпсіздік жолымен қамтамасыз етеміз», - деп маман өз ісін ыждаһаттылықпен түсіндірді.
Бір бұл міндет қана емес, кейіпкердің мойнында біршама жұмыс барын сөз әлпетінен ұқтық. Бәрімізге аян, Каспий теңізінің қазақстандық секторы жағалау сызығының бойында шамшырақтар (маяк) орналасқан. Олардың бәрі тарихи маңызға ие және Маңғыстау облысының тарихи орындары реестріне кірген. Осы шамшырақтар жүзіп жүрген кемелерге жарық шашып, бағыт сілтеп тұрады. Өздерінің сөніп-жанып сигнал беретін белгілі бір уақыты бар.
Сол шамшырақтың ақаулығын болдырмау мақсатында тексеру үшін кемелермен теңізге де шығады екен.
«Айта берсек, жұмыс өте қызық. Әрі өте күрделі. Бірақ оған еш мойыған емеспін. Өйткені оған мен саналы түрде келдім», - дейді сержант әңгімесінде.
Иә, бұл сөз бекер айтылмады. Сана адамға ес білгеннен кіреді. Ол мектеп оқушысы кезінен-ақ әскери ортаға бейім болған екен. Әлі есінде, 7-сыныпта аудандық «Зарница» әскери-спорттық ойынға қатысып еді. Далалық шатыр, дала асханасын сол кезде тамашалады. Әскери өмірге қызығушылық осы тұстан оянды. Тағдыр сол ортамен бүгінде тығыз байланыстырды.
Онысын өзі мақтаныш етеді.
«Қазіргі таңда әскери қызметшілердің мүддесі де, мәртебесі де жоғары. Әлеуметтік пакеттер қолданамыз, келісімшарт бойынша әскери қызметші болсам да менің әскери атағым – 3-сыныпты старшина. Әскери болғанымды мақтан тұтамын. Ағайындар да мақтаныш етеді. Марқұм әкемнің тілегін орындап, осы күнге жетіп отырғаныма шүкір деймін», - дейді риза көңілмен Төлегенқызы Альмира.
Иә, әке арманының оның өмірімен астасып, бітпес бір қайнарға айналғаны бәрімізді қуантады. Әрдайым мақсат-тілегіңіз орындала берсін, қазақтың қайсар қызы.
Көпбалалы әскери ана
Үшінші кейіпкеріміз Гүлжанат – Атыраудың тумасы. Ақтау – кейіннен қадам басқан қаласы. Осы қалада білім алды. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірді. Мамандық иесі атанды. Ағылшын тілінің маманы десе де басқа ортаны таңдады. Ол – әскерилердің ортасы.
Әскери қызмет оны шыңдады. Көп нәрсе үйренді. Көргенін көңілге тоқыды. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін күндер осылай өтіп жатты. Әр қадамы оны ортаға тарта берді. Әскери үрдіс, жөн-жоралғы, тыныс-тіршілігі... бәрі қызықтырды. Әсіресе, теңізде толқыған кемелер. Кемелердің теңіздегі қызметі оған өзгеше болып көрінді. Сол себепті әртекті кемелер дивизионына ауысқанды жөн санады. Міне, содан бері он бес жылдай уақыт өтіпті.
Осы жылдар ішінде осы ортадан «өз адамын» тапты. Бір отаудың түтінін түтетті. Ана атанды. Отанасы бола жүріп, қызметін ұмытпады.
«Әскери қызметте жүріп, жас лейтенантпен – қазіргі жолдасыммен таныстым. Отбасын құрдым. Қазір 2 қыз, 2 ұл бағып өсіріп отырмыз. Көпбалалы отбасының біріміз», - дейді Гүлжанат.
Гүлжанаттың шені – кіші сержант. Бүгінде Ақтау қаласындағы 29011 әскери бөлімінде материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің маманы. Өз ісіне тиянақты, жауапты жанды әріптестері де құрмет тұтады.
«Гүлжанат – ақжарқын, әскери өмірде өз ортасына сыйлы жан. Қойылған тапсырмаларды уақтылы ынта-жігерімен орындайды. Қасындағыларға үнемі нұр шашып жүреді. Отбасында – аяулы жар, құрметті ана», - дейді 29011 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Бағдат Мыңбаев.
Иә, құрметті ана ошақ басында болсын, қызметінде болсын ұрпақ тәрбиесінен алшақтаған емес. Осы бөлімге әскери қызметін өтеуге келген жас сарбаздарға да қамқорлық танытып жүретіні бар.
Гүлжанаттың мақсаты – болашақ ұрпақтың бойына рухтылықты дәріптеу. Өзі білген әскери ортаға сарбаздарды бейімдеу. «Отанды қорғау – әр адамның міндеті» деп білетін ол ұрпаққа тәрбиені талбесіктен берген дұрыс дейді. Және оны ұғындырған жөн деп біледі.
«ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштеріне қызмет еткеніме бірталай жылдың жүзі болыпты. Осы ортада жүріп біраз жайтқа қанық болдым. Көзбен көрдім, көңілге түйдім. Әскерилердің өмірі ерек. Қиындығы да жоқ емес. Соның бәрін ерлермен қатар бір кешіп жүрген әскери айымдар да бар. Әскери-теңіз күштерінде біз абыроймен қызмет етіп келеміз.
Міне, тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Қазақстан Қарулы Күштері дамыды. Санымыз аз болса да, әскеріміздің сапалы болуы өз қолымызда. Ол үшін Отанды сүюді, қорғауды әр отбасында ұрпаққа дұрыс ұғындырып, патриоттық сезімдерін оятқан жөн. Сонда ғана біздің Қазақстан Республикамыз үлкен әрі мықты держава болатынына сенімдімін», - дейді кіші сержант Жексенова.
Біз де кейіпкеріміз тәрізді еліміздің ертеңіне сенім артамыз. Ертеңімізді осы Гүлжанат сияқты көпбалалы батыр аналардың саналы ұрпағы жарқын етер деген үміттеміз.
Рима ӘБЕУОВА