Ерлік ешқашан ескірмейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктері елеусіз қалған батырлар Төлеуғали Әбдібековке, Ыбырайым Сүлейменовке, Александр Несмияновқа «Халық қаҺарманы» атағын беріп, туыстарына Халық қаһарманының ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін табыс етті. Президент айтқандай, шын мәнінде тарихи әділдік салтанат құрды.
Ұлы Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында Төлеуғали Әбдібековтің кіндік қаны тамған Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының Қызыл Жұлдыз ауылына батыр есімі берілді. Алматы-Өскемен тас жолында жуырда бой көтеретін ескерткішінің іргетасы да қаланды.

Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Семей облысының Жарма ауданында Әбдібек Насырханның әулетінде дүниеге келген. Ол 1942 жылы Панфилов атындағы дивизияның 1077-ші полкінің Калинин майданындағы қысқы шабуылдары басталғанда ең маңызды алғы шепте болды. Әсіресе нысананы дәл тигізіп атуы фашистердің зәресін алды. Ең таңдаулы деген неміс мергендері оның соңына түсті. Бірақ Төлеуғали оларды бір-бірлеп құртты. Кеңес Армиясының мерекесі қарсаңында жаудың асқан шебер мергенімен жекпе-жек болды. Бұл уақытта Төлеуғали суық тиіп, сырқаттанып жүрген. Оңтайлы сәтті пайдаланып неміс жауынгері бірінші болып Әбдібековке оқ атты. Аға сержант ауыр жараланғанына қарамастан, фашистен кегін алып үлгерді. Бұл мерген қазақтың соңғы оғынан сеспей қатқан 395 дұшпан болатын. Төлеуғали Әбдібековтің өмірі 1944 жылы 23 ақпанда, 26 жасында қыршынынан қиылды. Сүйегі Калинин облысындағы Насва стансасының түбінде жерленген. Тек №2916 нөмірлі снайпер винтовкасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік мұража¬йын¬да сақтаулы тұр.
Ресей Федерациясының Подольск әскери мұрағатының архивтік анықтамаларына сәйкес, гвардия аға сержанты, снайпер Төлеуғали Әбдібековтің даңқты және теңдесі жоқ снайпер. Ол 397 гитлершілді жойып, 32 мергенді тәрбиелеп шығарды. Жауынгерлік ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту ордендерімен, Отан соғысының I дәрежелі орденімен, Ленин орденімен марапатталды.


Кеңес Одағының Батыры атағы неге берілмеді?

Немере ағасы Кемелбай Насырхановтың саяси қуғын-сүргінге түскенін жасырмай жазғаны үшін Төлеуғали Әбдібеков Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмады.

Жазушы, әдебиеттанушы, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Айгүл Кемелбаева мынадай мәліметті алға тартты: «Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен аты шыққан бұл адамның туысымыз екенін бұрыннан білетінмін. Бірақ, ет жақын туыс екенін «Страна и мир» газетінде (№7. 18.02.2005) орыс тілінде жарық көрген «Снайпер Тулеугали» атты деректі мақаладан өз ата-бабамның нақты есімдерін оқып білгенде қайран қалғаным рас. Авторы – тарих ғылымдарының докторы Тілеу Көлбаев: «О Тулеугали Абдыбекове на всех фронтах ходили легенды, фашисты боялись его и называли «черной смертью». За свои ратные подвиги он должен был стать трижды Героем Советского Союза» деп жазады. «Командование оны Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынған өмірбаяндық анкетада Төлеуғали өзінің немере ағасы Кемелбай репрессияға айдалып кеткенін жасырмай жазғаны үшін ғана ұсынбаған» деген жолдардың ашық мәлімдеуге ұласқаны маған алыс Галактикадағы жаңа бір жұлдыздың жарығы тәрізді әсер етті. Сталиндік саясаттың қылышынан қан тамған кезеңі, халық жауының інісі саналған соң оны көпе-көрнеу бағалағысы келмеген. Снайпер жас қыздарға он шақты дұшпанның көзін құртқаны үшін батыр атағын берген. Жаладан итжеккенге ұсталып кетіп, Магаданның су түрмесінде сүйегі қалған менің атам Кемелбай өзі үшін немере інісі күйетінін әсте білген жоқ. Саяси мүдделердің құрбаны, туған елі мен жерін фашистік басқыншылардан азат ету жолында ғұмырын қиған қыршын батырдың соңында жоқтайтын ұрпағы да қалмады. Сол себептен тарихи деректерді табуды, жинастыру мен жариялауды өзіме парыз санадым. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатына 2007 жылы қазан айында сұрау салған. 2008 жылдың 18 наурызында жеткен Подольск әскери мұрағатының анықтамасында гвардия аға сержанты, снайпер Т.Әбдібековтің соғыс деректері мен ерен ерліктері расталған. Онда: «Прославленный и непревзойденный снайпер. Хитрый, осторожный, выдержанный, хорошо знающий повадки врага довел свой снайперский счет до 395 уничтоженных гитлеровцев. Подготовил 32 снайпера... Умер от ран в медсанбате 23.2.44.» деп жазылған. Жалпы алғанда, Кеңестер Одағының Батыры И.Панфилов атындағы атқыштар дивизиясының 34 жауынгері Кеңестер Одағының Батыры атанды».


Ең мықты мергендердің тізімінде 14-ші болды

Алматыдағы атқыштар клубынан өзара таныс Төлеуғали Әбдібеков пен Әбіл Нүсіпбаев соғыста да жұп жазбас дос болды. Екеуі де сұңғақ бойлы, аққұба өңді, бір-біріне ұқсас еді. Төлеуғали Әбдібековтің айрықша ерлігінде Әбілдің де үлесі болды. Өйткені олар өздері жасаған құпия атыс ұяларында көбіне бірге жүрді. Неміс мергендерінің жасырынып жатқан жерін білу үшін бірі ағаш қуыршаққа каска кигізіп, әрі-бері қозғалтатын, екіншісі винтовканың оптикалық приборымен қас қақпай аңдып жататын. Мұндай айладан жаудың құтылуы қиын еді. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 6 шілдедегі санында «Ел сенімін ерлікпен ақтаймыз» деген тақырыппен арнаулы бет берілген. Беттің кіріспесінде майданнан келген панфиловшылар делегациясы мүшелерінің дивизияның ерлік істері жайлы сөздері жарияланып отырғаны айтылады. Осы бетте Әбіл Нүсіпбаевтың суретімен қоса «Тәсіл-айла – тапқырлық» атты мақаласы беріліпті. Онда былай делінген: «Мерген болу оңай емес, ең ақырғысы, аң аулауға да шеберлік, тәсіл-айла керек. Айлаңды асырып, тәсіліңді өткізіп, тапқырлық жасамасаң, қоянды да қолға түсіре алмайсың. Мерген аталарымыз жалғыз қурайды жамылып, бір бұтаның тасасын таудай қалқан қылып атады екен. Оның үстіне атуды білу, жатуды, көлбеуді, көсілуді білуде де көп мән бар. Бір күні Төлеуғали Әбдібеков екеуіміз тосқауылға шықтық. Жатқан жерімізді жан біліп болар емес. Шөппен шөп болып алғанбыз. Немістер де қарап жатқан жоқ, олар да бізді аңдуда. Қалт етсең болды, мүлт жібермейді. Сондықтан да оларды алдап түсіру арзан айлаға түспейді. Олар да білінбеуге тырысып, жапырақты жамылып жатып алды. Бөренеден кесіп жасаған «адамды» отырғыздық. Басына каска, үстіне шинель кигіздік те, екі жағына екі ұзын телефон желісін байлап, екеуіміз кезек-кезек тартып отырмыз. Бірде маған қарай, бірде Әбдібековке қарай ырғатылып жүріп тұрған «адамды» неміс мергендері төпеп атып жатыр. Бірақ ақымақтар «ағаш адамды» құлата алмады. Оқ болса сартылдап өтіп жатыр. Міне, біз осы әдіспен олардың қайдан атып жатқанын сезіп алдық та, қарсы шабуылға көштік. Осы жолы айлалы екі неміс мергенін қалпақтай ұшырдық».

«Екпінді» газетінде 1943 жылы 9 май күні жарияланған Павел Кузнецовтың («Правда» ның әскери тілшісінен) «Қанға сіңген достық» мақаласынан үзінді:

Ұрыс қызып ең жоғарғы шекке жетті. Бұл кезде бес ер (қазақ Әбіл Нүсіпбаев, қазақ Төлеуғали Әбдібеков, қырғыз Тоқтоғұл Шәбеков, өзбек Мамадали Мадаминов, орыс Валентин Худяков) ұрыс жүргізіп жатқан жерде немістерге қарсы гвардеец – атқыштар да ұрысқа араласқан еді. Командир Догадаевтың автомат оғына ұшқанын Төлеуғали Әбдібеков көріп қалды. Оның қасында пулеметі төңкеріліп жатты. Неміс мергендері өліп жатқан командирге ұмтылып, совет офицерінің полевая сумкасын қолдарына түсірмек болды.

– Болмас, арам ойың! – деді кек кернеген совет мергені жауға ажал оғын жаудырып.

   Бұл айқаста Төлеуғали тоғыз немісті жайратып түлкідей жалтарып барып командирдің сумкасын алуға ұмтылды.

– Досыңа ажал төнсе, назарын өзіңе аударып ал! – дейді мергендер салтында.

Төрт досы сумкаға бара жатқан Әбдібековты винтовкаларынан жауға оқ жаудырып қорғап тұрды. Сумканы докуметтерімен және жеті винтовка, екі пулеметті ұрыс даласынан Төлеуғали алып шықты. Енді ол өлген командирдің сүйегін алып шығуға еңбектей жөнелді.

– Батырдың денесін қорқаудың қолында қалдыру – ер жігітке өліммен тең.

Бірақ, орта жолға жеткенде жаудың оғы мергеннің кеудесіне тап болды. Қан дірдектеп, мергеннің ыстық жүрегі соғуын күшейтті. Төлеуғали дүниедегі ең қымбатты өмірінің сенім документі, майданда алған қалтасындағы партия билетін қолымен қармалады. Қалтасында одан басқа көк конверт, конверт ішінде сүйікті жары Нүсіпкүлден, күн сәулетті Қазақстаннан келген хат бар еді.

Жаралы Төлеуғалиды ұрыс даласынан жолдастары алып шықты. Асқан шеберлікпен жасалған операция даңқты мергеннің өмірін сақтады, енді бірнеше сағат өткен соң дала госпиталінде командир оған үкметтің жоғарғы наградын, Қызыл Жұлдыз орденін тапсырды.

Жауынгерлік тапсырманы асқан ерлікпен ойдағыдай орындап, Әбдібековтың төрт досы да қысқа мерзімді демалысқа шықты.

«Майдандағы Армия» («Правда», 29 апрель) деп аяқталған мақалада бір-біріне қорғаныста тіреніш, шабуылда сүйеніш болған қазақтың қос мергенінің ерлігі жоғары бағаланып, қан төгіс ұрыстардың айлары ішінде Төлеуғали Әбдібековтың 259, Әбіл Нүсіпбаевтың 105 неміс мергенін қырғаны айтылады.

 

Оны фашист басқыншылары «қара ажал» деп атады

Ұлы Отан соғысының ардагері, панфиловшы Владимир Литваков өз естелігінде былай деп жазады: «У нас в полку был один знатный воин из Казахстана. Это снайпер Толеугали Абдибеков. В нашем полку все уважали его за его заслуги. В битве под Москвой отличились многие казахстанцы. В их числе снайпер Толеугали Абдибеков. Сведений об этом солдате из Казахстана совсем мало. Документы собирают по крупицам. Отважный стрелок, в первом же бою уничтожил 48 фашистов. Но его боевые заслуги не были оценены по достоинству. Да и самому Бауржану Момышулы звание Героя присвоено посмертно, толко через 45 лет после войны».

–   Тарихи әділдікті қалпына келтіруге алдымен өзіміз мүдделілік танытып, түрткі салуға тиіспіз. Мысалы, снайперлерден В.Зайцев, Н.Ковшова, М.Поливанова, Л.Павличенко және басқалары Кеңес Одағы Батыры атағын өлгеннен соң алған. Солардың ішінде Ф.Смолачков – 125, В.Зайцев 255 жауды жойған. Төлеуғали Әбдібеков 395 фашисті, яғни бір батальон жауды құртқан. Бірақ оған батыр атағы берілмеді. Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған «Панфиловшылар» атты кітапта Төлеуғали Әбдібековтің есімі жинақтың ең соңындағы «Құраманың ескерткіш күнтізбесі» атты соғыс хроникасында екі жерде жай ғана аталып өткен: Т.Әбдібеков 400-дей фашисті жойды; қаза тапқаны туралы дерек. «1941-1945 Ұлы Отан соғысы» атты 1985 жылы Мәскеуден жарық көрген соғыс энциклопедиясында бұл кісінің есімі мүлдем жоқ. Батыр Баукеңнің «шындық қашанда келеді, бірақ сәл кешігіп келеді» деген асыл сөзі бар. Жүрегі қайсар, көзі мерген Төлеуғали Әбдібековтің атын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі мергендер даярлайтын құрылымдардың біріне берсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ұлттың рухын теңселтіп, адамдардың санасын шайқалтқан дүрбелеңдер қазақ халқының рухани кемелдігін, батырлық тамырының тереңдігін жеріне жеткізе дәлелдеп бере алды. Батырлар туралы естелік бізге отаншылдықты оятатын, намысты қамшылайтын, рухты асқақтататын қырларымен қымбат. Мұндай қасиеттерді қастерлеп, үкілей ұстай алсақ, жеңісті күндеріміздің көп болары күмән келтірмейді. Бауыржан, Рақымжан, Төлеуғали секілді ұл тудырған өр ұлыстың ұлы рухы күйремейді, - деді Ауғанстан соғысының ардагері Бақытбек Смағұл.

 

Алуа СӘКЕНҚЫЗЫ,

«ШЫҒЫС» өңірлік қолбасшылығы


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента