"Көктемгі серуен" көрмесі ашылды (ФОТО)

ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінде Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына орай Нұр-сұлтан қаласы Суретшілер одағының белгілі кескіндемешілері мен қолданбалы өнер шеберлерінің «Көктемгі серуен» атты көрмесі салтанатты түрде ашылды.

Іс-шарада ҚР ҚК Әскери-тарихи музей бастығының орынбасары майор Айсұлу Маулитова көрмеге келушілерді Наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі ниетін білдірді.

«Бүгінгі көрмеге Нұр-Сұлтандық суретшілер өз туындыларын, өнерге деген өз көзқарастарын ұсынып, Қазақстанның ұлттық мәдениет салт-дәстүрлерін, бай тарихын көрсете білді. Музейге келуші әрбір қонағымыз осы бейнелеу өнері майталмандарының еңбегін жоғары бағалайтынына кәміл сенімдеміз. «Көктемгі серуен» көрмесінің Әскери-тарихи музейі қабырғасында өтуі – біз үшін үлкен мәртебе. Сол үшін Нұрсұлтан қаласы Суретшілер одағына алғысымызды білдіреміз. Құрметті қонақтар! Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамы баршамызға құт-береке әкелсін. Еліміз тыныш, туған жеріміз аман болсын» деді ол.
Мұнан соң Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің әншісі Қайыргелді Омарбек қонақтарға әннен шашу шашты. Ол Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқа» әнін құйқылжыта орындады. «Жас сарбаз» балалар студиясының бүлдіршіндері де өнерден кенде емес екен. Олар мың бұрала би билеп, көптің көңілін көтеріп тастады.
Бұдан кейін «Көктемгі серуен» атты көрме музейдің төртінші қабатында салтанатты түрде ашылды. Онда біз «Тамаша көктем», «Кездесу», Қыз қуу», «Қарағайлы бұлақ суы», «Әже және немере», «Кешкі әуен», «Тәтті шай», «Ақ киіз үй», «Бусанған оңтүстік көктемі» тәрізді салт-дәстүрімізді дәріптеген бірнеше суретшілердің туындыларын кезіктірдік.
«Көрмеге келген кезде көктемнің әсері сезіліп тұр. Өйткені мұнда Нұр-Сұлтан қаласының мықты, беделді суретшілерінің еңбектері ұсынылып жатыр. Кәсіпқой аға суретшілермен бірге жас қылқалам шеберлерінің де туындыларын кезіктіруге болады», дейді Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаилов.



Көрмеге 35 суретшінің жүзге жуық кескіндеме және сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылыпты. Олардың қатарында бейнелеу өнерінің майталмандары Қ.Муллашев, М.Сейсенхан, В.Пирожков, М.Тұқсаитов А.Баяндин, Е.Айтуаров, М.Байтенов, Т.Батанов, Р.Ахметжановалармен бірге Р. Елубаев, Г.Жүрқабаева, А.Әубәкірова, А.Мынайдарова, А.Әли және тағы басқа да кейінгі буын өкілдері бар. Шығармалар әртүрлі жанрда, стильде орындалған. Бірнеше сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылған.
Айта кетейік, көрме шығармашылық идеяларды жүзеге асыру, халық дәстүрлерін сақтау, қазақ халқының мәдени мұрасын жастардың бойына сіңіру мақсатында ұйымдастырылды.

Рима ӘБЕУОВА
Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"