Қазақстан әскерінде қысқы оқу кезеңінде әскери бөлімдер мен құрамалардың бақылау тексерісі жалғасуда. Әскерлер полигондар мен оқу-жаттығу алаңдарына жиналып, онда бір апта бойы тактикалық оқу-жаттығулар мен жауынгерлік атыстар өткізілетін болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында бақылау тексерісі жаңа пішінде өтіп жатыр. Осы тексеріс барысында басқару органдарының, құрамалар мен бөлімдердің іс-қимылдары бағаланады.
Әскерлер бірінші кезеңде дабылмен көтеріліп, оқу-жаттығу полигондарына жіберілді. Бұл жолы бөлімшелердің марш жасаудағы үйлесімді іс-қимылға дайындығы, техника мен қару-жарақтың жай-күйі, жан-жақты қамтамасыз ету және бірлесіп орындалатын іс-қимыл мәселелері тексерілді.
- Екінші кезең барысында басқару органдары, штабтар, бөлімдер мен құрамалар түрлі жауынгерлік іс-қимылдар бойынша өздеріне жүктелген оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындайды. Әскерлердің заңсыз қарулы құрамалармен күрес жүргізу қабілетін тексеруге, арнайы әскери операциялардың басқа да күштік құрылымдармен өзара іс-қимылдар барысына да назар аударылды, - деп атап өтті Жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы генерал-майор Дәулет Оспанов.
Бас штаб пен Қарулы күштер түрлерінің комиссиялары басқару органдарының, бөлімшелердің және әр әскери қызметшінің даярлығына баға береді.
Бақылау тексерісі биылғы жылдың 16 сәуіріне дейін жалғасады.