Жуырда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде әскери басылымдардың шығу тарихын зерделеу мақсатында ғалымдар мен профессорлардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Басқосуда қозғалған басты мәселе ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты «Сарбаз» газетінің шығу тарихы болды.
Жиынға Қазақстан Журналистика академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Александр Рожков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті «Журналистика және саясаттану» факультетінің деканы Қайрат Сақ, аталмыш университеттің оқытушылары Дүрәлі Дүйсебай мен Жүніс Омар, сондай-ақ Әскери-тарихи мұражайдың және «Сарбаз» газеті редакциясының қызметкерлері қатысты.
Өздеріңіз білесіздер, газеттің алғашқы бетінде «Газет 1992 жылдың 16 желтоқсанынан бастап шығады» деп көрсетілген. Осы отырыста баяндама оқыған Александр Рожков мырза «Сарбаз» газетінің түпкі шығу тегіне тоқталып және оған жан-жақты сипаттама берді. Александр Рожков өз баяндамасында «Қазақстандағы әскери баспасөздің тарихы 1992 жылдан емес, 1969 жылы шыққан «Боевое Знамя» және одан әрі 1929 жылы тұңғыш қазақ тілінде шыққан «Қызыл әскер» газетінен бастау алады» деген өз топшылауын жеткізді.
- 1992 жылдың 16 желтоқсанында сәрсенбі күні Алматыда орыс және қазақ тілінде «Қазақстан сарбазы» газетінің бірінші саны шықты. Бұл басылым ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты шыққан елдегі жалғыз әскери газет болды. Газет халықтың қорғаныс саласына деген қызығушылығын тудыра білетін, әскери саясатты зерделей алатын, әскерилерді патриоттық рухта тәрбиелейтін, әскери реформаға бейімдейтін негізгі құрал бола білді. Газеттің бірінші санында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Газет Республиканың әскери күшін, мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасын айтушы негізі басылымға айналуы тиіс. Газет жастардың әскери борышын өтеуге ынтасын және олардың патриоттық рухын оятуы керек. Бұл маңызды іс» деп сөзі бар, - деді Рожков мырза.
***
- Сол кездің ресми құжаттарына қарайтын болсақ, «Қазақстан сарбазы» Ортаазиялық әскери округінің «Боевое знамя» газетінің базасында шығарылған деп көрсетілген. Бұған қоса, жаңа басылымға ғимарат, типоргафия, тарату жүйесі берілген. Алғашқы кезде «Қазақстан сарбазы» газеті бұдан бұрынғы басылымды қайталады. Әсіресе полиграфиялық ұқсастықтар болды. Сонымен қатар, қызметкерлердің көбі «Боевое знамя» басылымынан еді. Олар: Григорий Красилов, Николай, Завьялов, Николай Мальцев, Александр Бавтуто, Василий Даньшин, Людмила Бондарцова және Орталық Азия бойынша танымал әскери фототілші Виктор Дубровченко. Бірінші редакторы подполковник Виль Рахманкулов болды. Майданда болған әскери журналистер - жазушы Әзілхан Нұршайықов және белгілі ақын Сағынғали Сейітов газетпен шығармашылық қарым-қатынас жасап тұрды.
Газеттің басшылығына подполковник Сапарғали Жағипаровтың келісімен басылымнан оң өзгерістерді байқауға болады. Газеттің бет-келбеті өзгеріп, қорғаныс саласындағы барлық жаңалықтар белсенді жазыла бастады. Әскери жаңалықтардан өзге ойын-сауықтық материалдар, ақпараттар, әңгімелер, сөзжұмбақтар беріліп тұрды. Қызметтік толықтырулар да болды. Әскери журналистердің қатарын лейтенант Сәндібай Күмісбеков, лейтенант Құдайберген Медиманов, капитан Борис Грибачев, майор Марат Нүрсейтов, майор Владимир Кульгускин, подполковник Кәкімхан Құттыбаев, қатардағы Гүлмира Тойболдина, капитан Алтынбай Дәуренбеков, Ауданбек Қуандықов және Михаил Андронов толықтырды. Газет А3 форматында аптасына екі рет шығып тұрды.
***
Рожков мырза екі газеттің ұқсастығы басым болғандықтан «Қазақстан сарбазының» шығу тарихы «Боевое знамядан» бастау алады деп айтуға толық негіз бар екендігін алға тартты.
- 1969 жылы 1-ші қарашада Алматы қаласында «Боевое знамя» газеті шыққан. Бұл Ортаазиялық әскери округінің құрылуына байланысты ашылған басылым еді. Кеңес уақытында барлық округтердің өзінде басылым органдары болатын. 20 жылға жуық уақытта газет Ортаазия әскери округіндегі әскери өмір жылнамасын жүргізіп отырды. Айтпақшы, «Боевое знамя» деген атаумен Кеңес әскері кезінде әр жылдары 20 газет шыққан. Бірақ соның ішінде ең көлемдісі әрі танымалы біздің газет болған.
Оругтің таратылуына байланысты 1989 жылы «Боевое знамя» газеті өз жұмысын тоқтатады. Газет тігіндісі Ресей Федарциясы Қорғаныс министрлігі Орталық архивіне берілді. Сонымен, әскери басылымның тарихын 1969 жылы шыққан деп бекітуге болады. «Боевое знамяның» жалғасы «Қазақстан сарбазы» деуге негіз бар. Бірақ, әскери басылымдар одан да бұрын шығып тұрды емес пе?! Ендеше, одан әрі ерте кезді қараған жөн, - деді Рожков мырза.
***
Александр Рожков мырзаның айтуынша 19 ғасыр жауынгерлік іс-қимылдың жиі орын алып тұрған кезі. Сол уақытта әскери басылымдар көптеп шықты. Бірқатар әскери газеттердің атауын атай келе, «Қызыл әскер» әскери газетіне баса назар аударуымызды өтінді.
- «Qьsьl әsker» («Қызыл әскер») газеті Қазақ әскери комиссариатының, кеңес қоғамдық-саяси қорғаныс ұйымының және «Еңбекшіл қазақ» баспасының апталық газеті болатын. Басылым 1929 жылдың 7-ші қарашасынан бастап, 1936 жылдың 31-ші қазанына дейін Алматыда аптасына бір рет, қазақша латын әріптерімен және кішігірім ақпараттар араб әріптерімен жазылып шықты. Басылым форматы үлкен - А0. Газет жазылу арқылы және жеке сатылымға да беріліп отырды. Газетпен Ілияс Жансүгіров, Асқар Лекеров, А.Кошимов шығармашылық қарым-қатынаста болды. Газеттің мақсаты – қорғаныс саласында жүргендерді сөзбен демеу, әскери қызметке жастарды тарту және офицерлердің әскери білімін жетілдіру еді. Газет бетінде алғашқы әскери дайындық (соның ішінде әйелдер үшін де), шетелдегі әскери жаңалықтар, сонымен қатар, ақын-жазушылардың өлеңдері мен әңгімелері жарияланып тұрды, - деді.
Бұдан бөлек Рожков мырза газетте шыққан мақалалардың қысқаша мазмұнын тілге тиек етті. Мәселен, газетте сол уақыттың өзінде фотолар, кестелер, түрлі қызықты суреттер жарияланғандығын және барлық мәселені қамтуға тырысқандығын, мақаланың публицистикалық стильде жазылғандығын айтты. Аталмыш газет тігіндісі бүгінде толық болмаса да, бүтін күйінде Алматыдағы ғылыми-техникалық ақпараттық орталығында сақталған. Айта кету керек, «Қызыл әскер» газетінің арқасында қазақша әскери терминдер қолданысқа енгізіле бастаған екен.
***
2007 жылы «Қазақстан сарбазы» газеті атауы «Сарбаз» болып өзгертілді. «Сарбаз» газеті жөнінде Александр Рожков мырза былай деді:
«Сарбаз» газеті – бұл шығарылымның жаңа түрі. Сараптай келе, біз жоғарыда аталған әскери басылымдардың тақырыптық, патриоттық және тілдік қолданыс (қазақ тілі) жағынан ұқсастығын байқаймыз. Бүгінде газет аптасына бір рет шығатын әскери-патриоттық басылым. Сонымен қатар, «Айбын» атты әскери журнал бар.
Сонымен, апталық әскери қазақ газеті «Қызыл әскерді» әскери басылымның бастауы деп айтуға болады. Шығу тегін бекіттік деп ойлаймын. 90 жылға таяу тарихы бар «Сарбаз» газетінде мыңдаған мақалалар мен фотосуреттер жарияланды. Бұдан кейін енді тіпті көбейе түспек».
***
- Соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі қазақ баспасөзін анықтап қарау керек. Әлі де зерттей түсу қажет. Мәселен, мен жақында «Жиянгерлерге жауабымыз» деген газеттің шыққанын білдім. 3 жыл қатарынан басылған екен. Орысшасы «Ответ империалистом». 1934 жылы «Қорғанпаздықты күшейтейік» («Укрепим оборону») деген әскери газет шыққан екен. Мен үшін бұл тың жаңалық. Міне, осындай-осындай ізденістер жүргізіп, зерттеулер жасасақ Қазақстанның әскери баспасөзінің тарихы тым тереңде жатқанын білуіміз әбден мүмкін, - деді.
Бұдан бөлек Сағымбай Қозыбаев мырза әскери-тарихи музей қызметкерлеріне «Фронтавая печать» кітабын табыс етті.
***
Дүрәлі Дүйсебай мырза Күлтегін ескерткішін әскери-патриоттық тұрғыда жазылған дүние ретінде қарауға негіз бар дейді.
- Тарихқа қатысты біраз жайтқа қанық болдым. Менің ойымша әскери-патриоттық тақырыпқа келгенде Күлтегін ескерткішінен бастап айтқан жөн-ау. Жиында әскери журналистерді айттық. Негізгі мәселе де сол. Бізде әскери журналист бар ма? Сағымбай мырза, бір сөзінде майданда жүріп қалам мен қағазды жанына серік еткен Әзілхан Нұршайықовты айтты. Ендеше сол кезеңде ол кісілердің жазғанын зерттеуіміз керек. Тағы бір мәселе. Әскери журналистерді дайындауда неден бастағанымыз жөн. Менің ойымша міндетті түрде «Бауыржантану» пәнін енгізу керек. Ұлттық әскери-патриоттық тәрбие деген пән болуы тиіс. Онда Тоныкөк жырынан бастап, батырлар жыры, фольклорды оқыту керек. Сақ, ғұн, Аттиланың кезіндегі әскери өнерді білуі тиіс. Бұл жіті қаралуға тиісті мәселе.
***
- Қорғаныс министрлігі әскери баспасөзінің даму бағытында бірқатар істер атқарылуда. Мәселен, 2015 жылы журналистер арасында 3 рет әскери дискурс өтті. Оған жүзден аса журналистер қатысып, түрлі тақырыпта дәріс алып, арнайы сертификатқа ие болды. Жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика мамандығы бойынша оқитын студенттер үшін семинар өтті. Өздеріңіз білесіздер, жақында ҚР Қорғаныс министрлігі және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын, - деді.
***
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ мырза отырыста айтылған мәселелерді қостай келе, әскери кафедра базасында журналистерді даярласақ деген ұсыныс білдірді.
Ал, енді қазіргі таңда салалық журналистерді дайындау өте маңызды. Бізде баспасөз, теле, радио, спорт, фото, интернет журналистері бар. Енді міне, әскери журналистерді дайындауға ден қоя бастадық. Біздің арамызда Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінде ұзақ жылдар қызмет еткен әскери журналист Жүніс Омар, Дүрәлі Дүйсебай ағамыз отыр. Егер де әскери журналистерді даярлайтын болсақ, осындай азаматтардың сабақ бергені жөн деп есептеймін.
Біздің университетте әскери кафедра бар. Сол әскери кафедра базасында әскери журналистер дайындалса деген ой тастағым келіп отыр. Егер ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан пәрмен берілсе, әскери журналистер дайындауға әркез әзірміз.
***
- Газеттің тарихына қатысты айтылған біраз мәселе газеттің 10 жылдығында да айтылған еді. «Қазақстан сарбазы» газетінің бірінші нөмірінен бастап 2007 жылға дейінгі тігіндісін біз 5 данамен әскери архивке өткізгенбіз.
Бұдан бөлек, журналистердің жұмыс істейтін көшпелі редакциялық кешенді жұмыс орны болатын. Егер сол кешен табылып және әскери газеттер жинақталып жатса неге әскери-тарихи музейден әскери баспасөз үшін бір орын арнамасқа, - деді.
***
Әскери-тарихи музей қызметкері Жазира Жәкібаева егер музейге қоюға жарарлық дүние болса, әскери баспасөз арнайы орын алуы мүмкін екендігін айтты.
- Өздеріңіз білесіздер музейдің ашылғанына көп бола қойған жоқ. Әлі де түрлі тақырыптар ашылып, музейдегі заттардың қатары толығуда. Ғимараттың екінші қабаты тарихқа арналған. Егер де материалдар, журналдар немесе өзге де заттар табылып жатса арнайы орын ашып, қоюуға болады, - деді.
***
Жиынның қорытындысында жиналғандар «Сарбаз» газетінің 87 жылдық тарихы бар екенін мақұлдады. Бұған қоса, «Жауынгерлік ту» және «Қызыл әскер» газеттерінің ізін басушы ретінде бекітті.
ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи мұражайында қазақстандық әскери журналистика туралы мамандандырылған стенд құруға келісім жасалды. Сондай-ақ әскери журналистерді дайындауда «Бауыржантану» және «Әскери-патриоттық тәрбие беру» секілді пәндерді қосу мәселесін пысықтау және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ әскери кафедрасы мен ҚР Қорғаныс министрлігінің базасында жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған жазғы «Әскери дискурс» семинары мен мамандандырылған курстарды өткізу мәселесін қарастыру шешілді.
- Біз бұл жиында жеке мүддемізді көздеп отырған жоқпыз. Әскери баспасөздің тарихын білу арқылы әскери журналистердің есімдерін білуге, әскери басылымдарды ресми түрде бекітілуіне жол ашылады. «Қызыл әскер» және «Боевое знамя» газеттерінде қызмет еткен әскери журналистердің еңбегі бағаланып, есімдері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп жатса екен деген тілек, - деді «Сарбаз» газетінің бас редакторы Батырхан Қуатбек мырза.
Осы орайда айта кетер жайт, дөңгелек столда қабылданған қарарды негізге ала отырып, газеттің осы санынан бастап «Сарбаз» газетінің шығу тарихы ұзартылып отыр. Мұны газеттің осы санындағы б-беттен оқи аласыздар.