Қазақ әскерінің фотошежірешісі. Полковник Қайыр Дінбаянов 65 жасқа толып отыр

Қайрекеңді ең алғаш көргенімде қараторы, қағілез капитан болатын. Ресей жақтан келген беті екен. Артынша майор атағын алды. Сол кезде жаңадан құрылған ҚР Қорғаныс министрлігінің телефотостудиясын ашамын деп жүгіріп жүрген кезі. Кейін оны ашты да. Сол заманғы соңғы үлгідегі телевизиялық құрал-жабдықтарға қол жеткізіп, іске қосып, жанына таланты қыз-жігіттерді жинады. Шетелге сапарға шыққанда оның телекамерасына әріптестері қызыға қарайтын.

Елімізде тұңғыш рет әскери-патриоттық бағдарламаны республикалық арнадан апта сайын шығарып тұрды. Алматыдағы Жороков көшесі 210-шы үй сол тұстағы әскер тақырыбына қалам тартып жүрген журналистердің штаб-пәтері іспетті еді.
Тоқсаныншы жылдардың бел ортасынан баста Қайрекең қатыспаған халықаралық жаттығулар жоқтың қасы. Екі мәрте алыс Американың топырағын басып, Атлант мұхитының суына етігін жуып қайтты. Германия, Голландияда өткен жаттығулар да фотомергеннің қырағы көзінен таса қалған жоқ.
Сол екі ортада тәжік-ауған шекарасына екі рет барып, ондағы қазақстандық жауынгерлердің тыныс-тіршілігімен бірнеше ай бойы танысып, бітімгершілік қызметтің ыстық-суығын таспаға түсіріп, тарихқа аманаттап тапсырды.
Кейін біздің жауынгерлер Қазақстан тарихында тұңғыш рет алыс шетелге - Иракқа аттанған кезде де Қайрекең сонда баруға сұранған болатын. Алайда, қорғаныс министрінің орынбасары ол жақта өте қауіпті деп рұқсат бермей қойды. Есесіне оның ерекше туындысы - бітімгер қазақ сарбазының қоштасар кезде кішкентай сәбиін мейірлене бетінен сүйіп тұрған суреті әлемді шарлап кетті деуге болады.
Біз танысқалы бері отыз жылға жуық уақты өтіпті. Қайрекең сол қалпы, тек қазір қараторы, қағілез полковник. Қол қуысырып отыру оған жат. Әлі қауатты, әлі белсенді. Қашан да ол біресе ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейіндегі, біресе Қарулы Күштері ардагерлерінің республикалық ұйымындағы бір игі шаралардың бел ортасында жүреді. Қазір ол ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай шығатын кітаптың қамымен шапқылап жүр. Оның сыртында үстіміздегі жылдың 7-ші сәуірінде тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған қазақстандықтар туралы «Ерлікке жетелеген жол» кітабының тұсаукесері мен осы тақырыпқа арналған тұңғыш көрме ұйымдастырылмақ. Онда әлбетте, Қайрекеңнің туындылары да бар. Запасаағы полковник Қайыр Дінбаяновты іздесеңіз осындай іс-шаралардың ортасынан табасыз.
Бүгін әр жылдары фотомергеннің назарына ілінген сәттерді, яғни енді тарихқа айналған суреттерді жариялауды жөн көрдік.

Ә.Смайылов

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента