Сталинград сұрапылы

Сталинград шайқасы – екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең ірі шайқастардың бірі. Биыл Сталинград түбіндегі шайқастың жеңіспен аяқталғанына 79 жыл толды.
Соғыстың оты біздің Батыс Қазақстан өңірін де қамтыды. Өйткені еліміздің батысы Сталинград облысымен 500 шақырым шектесіп жатты.
Ақтүтек ақпанда аяқталған шайқастың тарихи маңызы қандай? Қазақстан жауынгерлерінің ерлігін бүгінгілер біле ме? Ерлермен қатар қаһармандық танытқан қазақ қыздары болды ма? Міне, осы жайында тарихта қатталған мағлұматтарды оқырмандар назарына ұсынғанды жөн санадық.

Сталинградты қорғауға қатысты

 

Сталинград түбіндегі шабуыл 1942-1943 жылдарды қамтыды. Неміс-фашист қолбасшылығы 1942-1943 жылдың қысында өздері орналасқан шепті 1943 жылдың көктеміне дейін ұстап тұруды, сонан соң қайта шабуылға шығуды жоспарлады. Ал Кеңес қолбасшылығы шабуылға қарсы күш пен құрал-жабдықтар жинақтады. Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті 13 қарашада бұл жоспарды бекітті. Осы жоспарға сәйкес Кеңес Армиясы Сталинградтағы генерал-фельдмаршал Ф.Паулюстің 6-армиясын қоршауға алып, тізе бүктірді. 1943 жылдың 2 ақпанда неміс генерал-фельдмаршалы қалған әскерімен тұтқынға алынды. Сталинград шайқасы осымен аяқталды.
Сталинградты бүкіл кеңес халқы қорғады. Сталинград үшiн шайқас болып жатқанда Батыс Қазақстан облысында соғыс жағдайы жарияланды. Даңқты 62-армияның құрамында 3800-ден астам қазақ болды. Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған барлық әскери құрамалар мен бөлімдердің үштен біріне жуығы қатысты. Әйгілі 64-армияның құрамында қазақстандық 29-шы және 38-ші атқыштар дивизиясы болды.
Сталинград шайқасында көрсеткен табандылығы мен қаһармандығы үшін 29-шы және 38-ші атқыштар дивизиялары 72-ші және 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары атанды. Ал 73-ші атқыштар дивизиясына «Сталинградтық» құрметті атағы қоса берілді.
Сталинград операциясына Қазақстаннан 5 атқыштар, 1 атты әскер дивизиясы, 1 танк атқыштар бригадасы, 1 минометтi полк қатысты. Осы шайқаста Н.Әбдiров, Қ.Спатаев, т.б. қазақ жауынгерлерi батыр атағын алды.
Сталинград шайқасында жүздеген мың совет жауынгерлері ерліктің үлгісін көрсетті. Шайқаста ерекше көзге түскен 55 құрамалар мен бөлімдер ордендермен марапатталды. 100-ге жуық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сталинград қаһарман қала атағына ие болды. Сталинград шайқасы батырларының ерлігін мәңгі есте сақтау үшін 1963-1967 жылдары Мамай қорғанында мемориалды кешен салынды.

Еділ бойында қан төкті

 

1941 жылғы желтоқсанда, 1942 ақпан айларында Алматы қаласында құрылған атқыштар дивизияның құрамы негізінен Алматы мен Фрунзе қалаларындағы әскери училищелердің түлектерінен жасақталды. Дивизияның құрамы да Қазақстанда тұратын әскер міндеттегілерден құралды. Сондықтан жауынгер сапындағылардың 25 пайызы қазақтар болды.

1942 жылғы мамыр айының ішінде дивизия Оңтүстік­-Батыс майданы әскерлерінің құрамында Харьков түбіндегі ұрысқа кіріп, Сталинград шайқасының басынан аяғына дейін қатысты. Жау әскерлерін қорғаныс ұрыстарында әбден титықтатып, Сталинград түбіндегі неміс армиясын қоршап алып, кейін оны талқандауға да үлес қосты.
Бұл шайқастарда қазақстандық жауынгерлер 13 тәулік бойы қорғанысты ұстап тұрды. Осы уақыттың ішінде 214-ші артиллерия полкі жаудың елуге тарта танкін, көптеген басқа техникасымен адам күшін жойып жіберді.

Алғашкы ұрыста жаудың 22 танкісі, 30 автомашинасы, 1 полк жаяу әскерлері шығын болды. Бөлімше командирі Мақаш Балмағамбетов осы ұрыста үлкен ерлік көрсетті. Ол пулеметті өз қолына алып жіберіп, өрттегіш оқпен гитлершілердің 5 машинасын өртеді. Осы Мақаш келесі жылы Днепрді өтерде де үлкен ерлік көрсетіп, оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Автоматты жауынгер Рамазан Бисенов ерекше мергендік көрсетіп, бір өзі тоғыз фашистке жер құштырды. Сол полктың комсоргы, кіші лейтенант Нығмет Ахметов жиырмадан астам дұшпанды сұлатып салды.

Қызылордалық пулеметші Қамеш Биғалиев Красный Октябрь және Мамаев Курганның шығыс жағына бекініп алып, зұлым жаудың өршеленген талай шабуылына тойтарыс берді. Жауынгерлер бір адым да кейін шегінбеді.

1942 жылдың көктемінде Ақмола қаласынан Сталинград майданына жөнелтілген 29-шы атқыштар дивизиясы да Сталинград бағытын қорғайтын әскерлердің құрамында болып шықты. Қиян-кескі ұрыстарда 48-ші полктағы аға лейтенант Досан Әлімжановтың батальоны үлкен ерлік қимылдарымен бүкіл дивизияны тәнті етті. Оның батальоны түн ішінде тұтқиылдан шабуыл жасап, 250 фашисті тұтқынға алды, жаудың 270 машинасын, 6 зеңбірегін, басқа да біраз мүліктерін қолға түсірді.
Д.Әлімжановтың батальонындағы взвод командирі Қасым Қадыралиннің аз ғана топ солдаттары Воропаново түбінде фашистердің екі бірдей шабуылын тойтарды. Қыдыралин Ақтөбе облысының Ойыл ауданының жігіті еді.
Сталинградты қорғауға Орал облысынан қатынасқан жауынгерлер: Саттархан Жұрмұмбетов, Әбжай Сәлиев, Шабхат Желдібаев, Керей Кәмалиев, Жақан Қошмағамбетовтер асқан ерлікпен күресті.



24 қазақ қызы майданға сұранды

 Осы бір Еділ бойындағы ұрыс қызып жатқан кезде Орал облысының Жымпиты ауданынан әскери комиссаратына өз тілегімен арыз беріп, 24 қазақ қызы майданға аттанды. Олар бастапқы кезде Москва облысының Подольск қаласында мергандік мектепте оқыды да, кейін осы Сталинград майданына жіберілді.

Қазақ қыздарының құралайды көзінен атқан мергендігі майданға кең тарады. Ең ауыр, жауапты тапсырмаларға қыздар өздері сұранып барып, талай фашистердің көзін жойды. Әсіресе, мерген атанған Малика Тоқтамысова ерекше көзге түсті. Ол үш рет арнайы жіберілген әскери тапсырманы мүлтіксіз орындады. Бұл үшін майдан командашысы оған алғыс жариялады.

Одан естері шыға қорыққан фашистер мерген қыздың соңына түсіп, әрдайым аңдумен болды, қатардағы жауынгер Малика Тоқтамысова 1944 жылдың 14 шілдеде ерлікпен қаза тапты.

Майдандағы медицина қызметкерлері әрқашан да қиын-қыстау жерлерде болып, аса зор көмек көрсетті. Өз  ісіне сондай шын берілген қарапайым дәрігер Роза Момынова жөнінде өз бөлімінің жауынгерлері «Жау қай жақтан шабуылды күшейтіп, оқты көп атса, Роза сонда. Роза Момынова жүздеген адамды өлімнен арашалап, қайта қатарға қосты» деп жазған еді.
Жауынгерлердің шексіз алғысына бөленгендердің бірі – санитар қыз Әсия Бекетова. Ол бір ұрыста оқ астынан 27 жаралы жауынгерді алып шықты. Әсия соғыс кезінде жүзден аса солдаттар мен офицерлердің өмірін сақтап қалды.

Паулюсті тұтқындауға қатысты

 

Сталинград  шайқасында генерал-фельд­маршал Паулюсті тұтқындау операциясына («Шеңбер») қатысқан сарбаздардың бірі – Сәрсенбек Байжанов.

Ол 1942 жылдың 8 наурызында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының орталығында өмірге келген. Жастайынан елшіл, өршіл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Жасы 19-20 шамасында 30 жігіттің қатарында соғысқа аттануға асығады. Үш айдай ұрыс тактикасына машықтанғаннан соң, Қазан, Саратов қалаларынан өтіп, ең қан­құйлы Сталинград шайқасына түседі.

«Қызыл жұлдыз», «Бірінші дәрежелі Отан соғысы», т.б ордендер мен ондаған әскери медальдың иегері атанған майдангер – Отан алдындағы борышын абыроймен атқара білді. Ұлы жеңіспен елге оралған азаматты бүгінде жерлестері рухы биік нар тұлға, ардақты ұстаз бейнесінде үлгі тұтады.

Кеңес әскерлерінің Сталинград түбіндегі қарсы шабуылы 1942 жылы 19 қарашада басталған. Ол үш операциямен іске асырылған: «Уран» – Сталинградтағы неміс әскерлерін қоршап алу, «Кіші Сатурн» – Сталинградта қоршауға түскен неміс әскерлеріне батыстан және оңтүстіктен келетін көмектің жолын кесіп тастау, «Шеңбер» – фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандап, өзін қолға түсіру.

Сталинградта айбынды жауынгерлер 140 күн жаумен бетпе-бет айқасты. 330 мың неміс әскері мен офицері, 24 генерал қолға түсті. Сөйтіп жау ең негізгі күшінен айырылды. Нәтижесінде 22 фашист дивизиясы қоршауға алынып, генерал-фельдмаршал Паулюс басқарған 6 неміс армиясы тізе бүкті.

Сталинградта қоршауға түскен фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын

талқандауды міндетіне алған «Шеңбер» операциясының жанкешті әрекеті нәтижесінде 1943 жылы 2 ақпанда генерал-фельдмаршал Паулюс қалған әскерімен тұтқынға алынды. Сталинград шайқасы екінші дүниежүзілік соғыстың барысындағы түбірлі бетбұрыстың басталуына негіз жасады.

 

Қазақ жауынгерлеріне жазылған тарихи хат

 

Сталинград майданына Қазақстанда жасақталған 6 дивизиядан 50 мыңдай солдат қатысты. Олардың ерлiк iстерiнен хабардар болып отырған қазақстандықтар 1943 жылдың 6 ақпанында «Правда» газетiнде майдандағы қазақ жауынгерлерiне арнап хат жариялады. Бұл хат майдандағы қазақ жауынгерлерi ғана емес, күллi майдангерлердiң рухын, жiгерiн, фашизмге деген өшпендiлiк ыза-кегiн одан сайын арттырып, қайратқа қайрат қосты.

Сол кездегi Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Н.Скворцовтың басшылығымен дайындалған бұл хаттың мәтiнiн Ғабит Мүсiрепов жазып, орыс тiлiне сөзбе-сөз аударуды Б.Асанов, I.Омаров, Қ.Жармағанбетов өз мiндеттерiне алған. Ендi орысшасын редакциялап, көркемдеуде С.Сергееев-Ценский, К.Паустовский, М.Әуезов көп еңбек сiңiрген көрiнедi. Тарихи хатқа сол кездегi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi үгiт-насихат бөлiмiнiң орынбасары Бөлебай Исабеков те белсене араласып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргiзген. Хаттың қалай жазылуы керектiгiне С.Мұқанов, Қ.Сәтбаев, Ә.Тәжiбаев, Ғ.Ормановтар өздерiнiң ой-пiкiрлерiн қосқан.

Тарихи хатты жазуға бүкiл республика халқы қатысты. Оған 3 миллионға жуық адам қол қойып, ұрыс жүргiзiп жатқан майданға жолдады. Ол әуелi Алматы баспаханасында мыңдаған данамен кiтапша болып басылды. Содан кейiн республикалық, бүкiл майдандық газеттерде жарық көрдi, плакат, үнпарақ түрiнде басып шығарылды. Халық хаты орталық радио арқылы оқылып, бүкiл елiмiзге және майдан шептерiне асқақ үнмен самғады.
Зейiн қойып тыңдаған адамға ерекше әсер ететiн, әр майдангердiң жүрегiне жол тапқан, отаншылдық сезiмiңдi оятарлық жiгерлi де уытты сөздерi бар бұл тарихи хат былай басталған едi:
«Қазақстанның ардақты ұлдары! Балаларымыз, ерлерiмiз бен бауырларымыз! Өздерiңнiң туған үйлерiңнен алған хатты қандай сезiммен оқысаңдар, бұл хатты сондай сезiммен оқыңдар, бауырлар!

Бұл хатты сендерге жүздеген жыл тар кезең, тайғақ асудан сансыз азаппен өтiп, бақытқа жеткен барлық халқың жазып отыр, сондықтан көзбен емес, көкiрекпен, елiңдi, жерiңдi сүйген жүрекпен оқыңдар, туысқандар!

Соғыстың қатаң тағдыры қайда апарса, сол жерде оқыңдар бұл хатты!

Майдан өлкесiнде әрқашан көкжиектен күн көтерiлгенде оған қараңдар да туған жерлерiңдi еске алыңдар. Селеуi теңiздей тербелген Арқаның адырлы кең далаларын, алтын бұлағы ағылған Алтайдың асқар жоталарын, ақ бас Алатаудың жемiске толы сай-салаларын, соншалық кең туған жерлерiңдегi аталарыңның қасиеттi қабiрлерiн, туған-өскен үйлерiңдi көз алдарыңа келтiрiңдер. Соларды жауға таптатпаймыз, жауды қайткенде жеңемiз деп ант етiңдер!

Халық хатында сонымен қатар майдандағы жауынгерлерге зор көмек көрсетiлiп, туған ел – Қазақстанның майданның берiк тiрегiне айналып отырғандығы баяндалған. «Қымбатты жауынгерлер! Сендер жаумен алысып жатырсыңдар, - делiнген едi хатта. – Өз күштерiңе еркiн сенесiңдер! Бiрақ арқаларыңды тiрегендерiң Ұлы Отаның екенi күштерiңдi үстеп еселей берсiн.

Ал арқа сүйеген Отаның – алып ел, ол бай, ол – Ұлы жер!

Жауынгер! Туған анаң, сүйген жарың, апа-қарындастарыңның аманатын ұмытпа: Жеңiп қайтсаң жауыңды, Анаңның жарық күнi сен».
Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлерiне жазған осы хаты – аса зор маңызы бар тарихи құжат. Хаттың қиын-қыстау кезеңде Отан мүддесiн қорғап жазылған аса терең мазмұнын бүгiнгi жастарымыз да, келер буын жеткiншектерiмiз де бiлуге тиiс.

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

 

Осы бір жеңіс күндері көрнекті совет жазушысы И.Эренбургтың 1942 жылы жазған «Қазақтар» деген мақаласында: «Бір фриц маған: «Біз жойқын күші бар қаһарман солдаттармен беттестік, оларды алған бетінен тіпті ешқандай оқ та, өрт те тоқтата алмады. Олар тура бізге қарай дауылдай дүркіреп жүгіріп келе жатты. Мен бұлардың қазақ деген халық екенін естідім. Бұрын мұндай халық бар екенін естімеп едім…» деді.

Белгілі ағылшын тарихшысы Александр Верт өзінің «Ресей 1941-1945 жылдағы соғыста» деген кітабында: «Қызыл Армияның табанды солдаттарының бірі қазақтар болды, тұтас алғанда қазақтар бүкіл соғыс бойында өздерін жақсы жағынан таныта білді. Тіпті Сталинградтың өзінде ең өжет солдаттар қатарында қазақтар тұрды» дегенді айтады.

Иә, Сталинград шайқасы – соғыс тарихына түбегейлі бетбұрыс әкелген шайқас. Сталинград қаласын басып алмақ болған немістің миллиондық армиясы ақырында тұтқынға беріліп тынды. Міне, осы шайқастан кейін, біздің аталарымыз қарсы жорыққа шықты. Әрі әр жорығы жеңіспен аяқталып жатты. Сталинградтың сұрапылында соғысқан жауынгерлер есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.



Көшірмеге қайта келу
Пікірлер

Жүгіртпе / Лента